АДАМ АТА мен ХАУА АНАДАН басталған ұлы ҮЙЛЕСІМ! Ұлы Алла Тағала Адам Атаның бір өзін Жəннатта жаратып, жанына керектінің бəрін берді. Шатыры алтыннан, кірпіші күмістен болған баспанада күн кешіп, азықтың ең абзалын жеп, киімнің ең кереметіне оранып жүрді. Бірақ төрт дүниесі түгел атамыз Адамға бір нəрсе жетпей тұратын. Күн өткен сайын бұл дерті үдеп, одан сайын жаны жай таппайды, тіпті аяғын нықтап баса алмай, көңілі күңгірт тарта берді. Орын алып жатқан бұл тылсым күйдің сыры мен қырын Дана Иесі ғана білетін. Даналыққа толы бұл күйдің жалғасын табуын қалаған Жаратушы құлын бір сəтке ұйықтатып, оның қабырғасынан сұлу əйелді жаратады. Адам Ата көзін ашқанда айдай аруды көреді де, жадырап-жайнап сала береді... Онымен қол ұстасып, ғұмыр кешкен сəттен бастап, көңілінің жыртығы жамалып, жан-жүрегі толықтай тыныштық табады. Бұл ғибратты қиссадан аңғаратынымыздай, ешбір еркек әйелдің қазаны мен ошағына, үтігі мен кешкі-түскі асына үйленбейді және ешбір әйел еркектің жұмысы мен көлігіне, ақшасы мен мансабына тұрмысқа шықпайды. Алла Тағала ерлі-зайыптылардың отау көтерудегі мақсатын айқындап берген: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен» («Рум» сүресі, 21-аят). Махаббат пен мейірім – мұғжиза. Яғни, ер мен әйел үнемі «Алла берген сүйіспеншілік, мейірім-жанашырлықты қалай сақтап қаламыз?», «Жарымның тыныштық, тыным табуы үшін не істей аламын?» деген сауалдарға жауап іздеп, тапқанын амалына асыра алғанда ғана отбасы баянды болмақ. Тән тыныштық пен тынымды, ал жан сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлықты іздемей тұрмайды. Өйткені, бұл – жаратылыс Иесінің орнатқан заңы. Ал егер, тән мен жан өз керегін алмаса бұл оның ақылына, біліміне, даналығына, мінез-құлқына, денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Неке - өмірдің мəні мен сəнін келтіретін ерлі-зайыптылар арасындағы керемет үйлесім. Осыған орай, бір данышпан: «Мен некеге дейін бар болдым, некеден кейін ғана шынайы өмір сүре бастадым» деген екен... #асыларна #неке #үйлену #отбасы #ерменəйел #ерлізайыптылар #бақыт

Теги других блогов: Адам Ата Дана Иесі мақсат